Жамбыл облысында «Өз кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы №44 бұйрығымен бекітілген «Өз кәсібінің үздігі» атағын беру қағидаларына сәйкес, Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласының мамандары арасында «Өз кәсібінің үздігі» байқауының I (өңірлік) кезеңі өтті. Бұл конкурсқа өңірдегі меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан, барлық денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Марапаттау рәсіміне денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев және «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова арнайы қатысып, жеңімпаздарға алғыстарын білдіріп, дипломдар мен 100 000 мыңдық сертификаттарды табыс етті. Байқау қорытындысы бойынша әртүрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталды.

«Үздік денсаулық сақтау менеджері» номинациясын №5 қалалық емханасының бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Назгүл Жұмағалиқызы Мұрзақасымова жеңіп алды. «Үздік стационар дәрігері» атағы Кардиология және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының балалар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Икромжон Исманұлы Мұхамедовке бұйырды. «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігері» номинациясының жеңімпазы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Жаудир Закирқызы Мырзаева атанды. Байзақ аудандық орталық ауруханасының әлеуметтік қызметкері Арайлым Үйкекбай «Үздік денсаулық сақтаудағы әлеуметтік қызметкер» номинациясын иеленсе, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология-ортопедия бөлімшесінің аға медбикесі Индира Сержанқызы Мақажанова «Үздік стационар мейіргері» атағына лайық деп танылды. Жамбыл аудандық орталық ауруханасының ауруханаішілік жұқпалы ауруларды бақылау мейірбикесі Әсел Жүнісқызы Жүнісова «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері» номинациясын жеңіп алды. «Үздік ауыл мейіргері» атағы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімінің аға медбикесі Айнора Пәнжіқызы Әбдрасуловаға бұйырса, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Жаннат Әбзелбекқызы Тоқташева «Үздік медицина колледжі оқытушысы» атанды. Ал «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық бейін дәрігері» атағын Жамбыл аудандық орталық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Асқар Ғалымұлы Ширікбаев иеленді.

Бұл байқау – денсаулық сақтау саласының мамандарын қолдау мен ынталандырудың жарқын үлгісі. Әрбір жеңімпаздың еңбегі – аймақ медицинасының дамуына қосқан зор үлес. Бұл жеңістер алдағы уақытта да медицина саласының сапасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.