ЖАНЫҢЫЗ ЖӘННАТТА БОЛСЫН, ӘРІПТЕС АПА!

Атырау өңірінің денсаулық сақтау саласы ауыр қазаға ұшырады. 80 жасқа қараған шағында «Құрмет белгісі» орденді акушер-гинеколог, Еңбек ардагері, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Мәтешова Тыныштық Мәтешқызы өмірден озды.

Т.Мәтешова 1944 жылы 20 шілдеде Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылында дүниеге келді. Жданов атындағы орта мектепті 1962 жылы бітірген ол сол жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1968 жылы акушер-гинеколог мамандығын алып шығады. Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен Жылыой аудандық ауруханасында табан аудармастан 37 жыл адамдар өмірі үшін арашаға түсті, мыңдаған сәбилерге жарық дүние көру бақытын сыйлады. Өзінің кәсібіне адал, білімі мен біліктілігі жоғары, ұжымдастары арасында сый-құрмет пен зор абырой-беделге ие болған Тыныштық Мәтешқызы кейін перзентхана бөлімінің меңгерушісі, ауданның бас маман – акушер-гинекологі, 1986-1989 жылдары Жылыой аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарды.

Аналар мен сәбилер денсаулығын қорғауға қосқан елеулі де жемісті еңбегі ескеріліп, ол 1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Т.Мәтешева өзімен әріптес стоматолог дәрігер Марат Шайхиевпен отау құрып, үш ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Немере-шөбере сүйген бақытты ата-әже болды. Ынтымағы жарасқан отбасында тәрбиеленген ұл-қыздары бүгінде бір-бір үлкен шаңырақ болып, бірлігін жоғалтпаған, адами ұстанымдары биік тұлғаларға айналды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы,«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы және барша әріптестері Тыныштық Мәтешқызының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы