ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болғаны аян. Тарихымыздың қойнауына кеткен сол бір Желтоқсан оқиғасын, тәуелсіздік бастауына айналған қанды да ызғарлы оқиғаны жас ұрпаққа жете түсіндіру, олардың бойында еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастырудың маңыздылығы туралы кеше Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында өткен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалына қарасты облыстың емдеу мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілері мен сала белсенділері бас қосқан кездесуде әңгіме болды.

Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы медицина институтының 4 курсында оқып жүріп, оған қатысушы болмаса да біраз жайттарды көзімен көрген облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова Желтоқсан оқиғасының арқасында талай жылдар бойы армандаған егемендікке қол жеткізгенімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғанын жеткізді.

Шара барысында төраға «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы атынан кәсіподақтар қозғалысының бір топ белсенділеріне Алғыс хат пен ақшалай сыйлық ұсынды.