28 сәуір — жедел медициналық жәрдем қызметкерлері күні

Медицина саласындағы ең негізгі, әрі қажетті көмектің бірі – жедел жәрдем қызметі. Аты да айтып тұрғандай, жедел ғана емес, шұғыл, оперативті түрде науқасқа тез көмек бере алатын бір ғана қызмет бар, ол — алғашқы медициналық жәрдем көрсету – жедел жәрдем қызметінің басты міндеті.

Ал қазіргі уақытта еліміздегі індеттің таралуы өршіп тұрған шақта бұл қызметтің жасап отырған қызметі ерекше. Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның бұл саласында қызмет ету – екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.

Жамбыл облысының халқы — 1 159 731. Жедел медициналық көмектің қызмет көрсету радиусы – 130 км. 372 елді мекен бар.

Тұрғындарға облыс аумағында 1 орталық станция, 3 қосалқы бекет және 11 аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелері қызмет көрсетеді.

Облыс бойынша тәулігіне 93 жедел-жәрдем бригадасы, оның ішінде — Тараз қаласында — 40, аудандарда — 53 бригада тұрғындарға қалтқысыз қызмет етеді. Медициналық авиация қызметін 3 мобильді бригада орындайды: акушерлік-гинекологиялық, неонатологиялық, нейрохирургиялық-травматологиялық.

Жедел-жәрдем қызметі таңғы 8.00-де ауысым жұмысын бастап, келесі күннің таңғы сағат 8.00-де жұмысын аяқтайды, яғни 24 сағат қызмет етеді.

Санитарлық автокөлікпен жабдықталуы — 100%. Автокөліктер саны — 132 бірлікті құрайды.

Жамбыл облысы бойынша қазіргі уақытта 1 айда орта есеппен жедел жәрдем станциясына тәулігіне 1500-1600 қоңырау шалынуда. Шақыртулардың басым бөлігі дене қызуы, қан қысымы көтерілуі, жүрек аурулары және т.б. себептер бойынша түсуде.

Бір ауысымда 20 диспетчер жұмыс істесе, оның 12-сі шақыртуды қабылдайды, 4-уі бригадаларға бағыттап отырады, 1-уі 4-ші жеделділік санаттағы шақыртуларды бағыттау диспетчері, 1-уі Сall-орталығының диспетчері. Түскен шақыртуларды «КӨМЕК» автоматтандырылған басқару жүйесі өңдейді. Әр желілік жұмыс тобында тікелей Call-орталықтан шақыртуды қабылдау планшеттері (комуникатор) бар. Барлық автокөліктер GPS-навигаторларымен қамтылған. Бұл өз кезегінде әр бригаданың қай жерде екенін онлайн режимде, 24 сағат бойы бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Call-орталықта 2 дәрігер тәулік бойы науқастарға және желілік бригадаларға медициналық кеңес береді.

Қай кезде де жедел жәрдем — медицинаның алдыңғы шебінде тұрады, ал Covid-19 пандемиясы кезінде олар қосымша сынаққа тап болды. Осы қиын уақытта бой бермей, тынымсыз еңбек етіп, індетті жеңе білген Сіздерге денсаулық, күш, шыдамдылық және төзімділік тілейміз!

Әрбір жедел медициналық жәрдем қызметкерінің еңбегі — олардың еңбегінің маңыздылығын барынша мойындауға және өзінің кәсіби мерекесі күніндегі ең жылы құттықтауларға лайық.

Гүлмайра МОМБЕКОВА, «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы”РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы