«Келісім комиссияларымен жеке еңбек дауларын қарау» тақырыбында семинар-тренинг

27 маусым күні БҚО Кәсіподақтар орталығымен, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының оқу орталығымен, ««SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ БҚОФ бірлесіп «Келісім комиссияларымен жеке еңбек дауларын қарау» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингті ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Аппаратының Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Ержан Ошақбайұлы Егембердиев жүргізді.

Семинарға «SENIM» кәсіподақ комитетінің төрағалары,  келісім комиссияларының мүшелері, заңгер мамандары қатысты. Семинардың өткізілу мақсаты ҚР еңбек заңнамасының негіздеріне оқыту, еңбек дауларында келіссөздер жүргізе білу және консенсусқа қол жеткізе білуді дамыту. Семинардың барысында ҚР Еңбек заңнамасының негіздері, ондағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар, келісім комиссияларымен жеке еңбек дауларын қарау, жалпы келісім комиссиясын құру тәртібі, комиссияның жұмысын қамтамасыз ету, құжаттарын ресімдеу және комиссия шешімдерін орындау тәртіптері айтылды. Сонымен қатар, қатысушылар соттылық, талап-арызды ресімдеудің кейбір ерекшеліктері, сотқа жүгіну мерзімдері, сот шешімін орындау тәртібі, еңбек дауларын ескерту бойынша шаралар қаралды.

Семинар барысында қатысушылар келісім комиссиясының жұмысы, ондағы мүшелік туралы, оны құру тәртібі және ұжымдағы еңбек қатынастарын реттеуде пайда болатын сұрақтарын қойып, лектор Е.Егембердиев осы сұрақтарға білікті жауап беріп, өзінің кеңесін беріп, өз тәжірибесінде болған мысалдар келтіріп, осы дауларды шешудің жолдарымен бөлісті.

Семинар қорытындысында қатысушыларға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының оқу орталығының сертификаттары табысталды.