Медициналық этика және деонтология талаптары

Деонтология — (гректің — тиіс, керек деген сөзінен шыққан) дегеніміз — әрбір жеке адамның бүкіл адам баласы мен қоғамның алдындағы атқаруға тиіс міндетін, борышын, парызын оқытатын этиканың негізгі бір саласы.

Дентологияның негізгі принципі — адам жеке басының қамын ойламай, өз мүддесін халық пен қоғамның қажеттілігіне саналы түрде бағындыра отырып, жеке басының мүддесін қоғамдық мүддемен үйлесімді түрде үйлестіре алуында.

Медициналық дентология дегеніміз — медицина қызметкерінің адам баласы алдындағы, қоғам алдындағы атқаруға тиіс кәсіптік парызы мен өтеуге тиіс борышын оқытатын ілім.

Біздің дәуірімізге дейін ІХ ғасырда өмір сүрген атақты үнді дәрігерінің «Өмір кітабы” атты еңбегінде дәрігерге былай деген өсиет айтады: «Дәрігер іс жүзінде табысқа жету үшін: өзінің дені сау, мұнтаздай таза, қарапайым, шыдамды, сақалы қысқа етіп бастырылған, тырнақтары алынған, ақ жиде жұпыны киім киген болуы керек. Сөйлеген сөзі жұмсақ, жағымды, тартымды және үлкен үмітпен айтылуы қажет.

Дәрігердің ақ жүректі адал, қайғыға ортақтасқыш, сезімтал, тура мінезді, байсалды, ерекше сабырлы, асқан ақылды әрқашанда жақсылық істеуге тырысып тұратын адам болғаны абзал.

Медицина қызметкерінің орта және кіші буынды қызметкер әріптестері арасында сабырлы әрі ашық жарқын сөйлесуге міндетті. Дөрекі тұрпайы немесе тым ресми сөйлесуге болмайды. Өзінен жасы үлкендерге «Сіз» деп және дәрігерлерге аты мен әкесінің атын атап сөйлескені жөн.

Жұмыс барысында, жұмыс орнында ұстамдылықты, сабырлылықты және әдептілікті сақтаған дұрыс. Мейлі ол орта буын немесе кіші буын қызметкері болсын, сырттан келушілерге (ҚІІБ қызметкерлері, тергеушілер ОІІД тергеушілері, лауазымдары жоғары кісілер, басшылар, бөлім басшылары, жақындарынан айырылған, қайғыға душар болған жандар, немесе ұрып соққаны үшін анықтамалар алу үшін және т.б.) сұрап білу үшін келушілерге кіші буын болсын, орта буын болсын, мейлі ол дәрігер болсын толығымен назар аударып, көңіл бөлуі керек. Атап айтсақ: орнынан тұрып амандасуы өзін таныстыруы тиіс.

Қызметкерлердің жұмыс орнындағы қарым-қатынастары әр уақытта жылы шыраймен сыпайлылықпен өтуі керек.

Кабинетке кірер алдында дәрігердің, меңгерушінің немесе басшының есігін қағу, амандасу, рұқсат сұрау кабинетте кісілер отырған болса, кешірім сұрап шығып кету сияқты. Кабинетіңізге келген келушіні есікке дейін шығарып салып, қоштасуы керек. Қоштасуда көзделген нәтижеге жеткеніңізге немесе жетпегеніңізге қарамастан келушіні жылы шыраймен, сыпайлылықпен шығарып салу керек.

Орта буын немесе кіші буын қызметкер тек өз құзіреті шеңберінде сұхбаттасуы (өз бетінше жауап бермей сарапшыға немесе кезекші сарапшы дәрігерге жолдауы керек, бір себептермен орында жоқ болып жатса, “күте тұрыңыз”, “бір жерге жұмыстармен шығып кетіпті”, “біраз күте тұрыңыз” деп өтінуі қажет). Орта буын қызметкерлеріне дәрігерлермен сұхбаттасу кезінде дөрекі сөйлесуге тыйым салынады.

Олар дәрігерлердің тапсырмаларын уақытында нақты және кәсіби орындауы тиіс. Жұмыс барысында болған кемшілігі немесе қателігі болса, өз дәрігерін хабардар етуі қажет. Іс-құжаттарға байланысты күмән туындаған жағдайда (анықтаманы дұрыс толтырмау, қателіктер кету сияқты) сыпайы түрде осы жөнінде дәрігермен мән-жайды тақылауы керек.

Орта буын қызметкерлерінің (медбикелер, зертханашылар) өз ұжымдастарымен жұмыс барысында дөрекілікке, тұрпайылыққа жол бермеуі тиіс.

Тәжірибелері мол медбикелер, зертханашылар жас мамандарға тәлімгерлік көмек көрсетулері қажет. Олар қиын жағдайларда бір–біріне көмектесулері тиіс.

Орта және кіші буын медицина қызметкерлері арасындағы қарым-қатынастарға талап:

— Өз ара сыйластықты сақтау;

— ⁠Кіші медицина қызметкерінің жұмысын сыпайы түрде бақылау;

— ⁠Әдепсіздікке, дөрекілікке, тәкаппарлыққа жол бермеу;

— ⁠Сырттан келушілердің көзінше шу шығарып, ескертулер жасамау.