«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және өзге де нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды

2024 жылғы 24 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Бұл Заң медицина қызметкерлері мен науқастарға не береді?

• Ауылдық жерлерге жұмысқа келген медицина қызметкерлері 100 ЕТЖ алады (8,5 млн. теңге – 2024 ж.).

• 1000 АЕК мөлшерінде бір реттік төлеммен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы белгіленді және жеңімпаздарға 500 АЕК алатын «Мамандық бойынша үздік» республикалық байқауы енгізілді.

• Медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаға қабылдауда басымдыққа ие болады. Ал, қызметтік міндеттерінің салдарынан қайтыс болған немесе мүгедектігі анықталған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурссыз қабылдау ұсынылып отыр.

• Медицина қызметкерлеріне медициналық мамандық бойынша әскери қызметке немесе мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру құқығы да беріледі

• Заң мамандардың (санаттардың) біліктілік деңгейлерін тағайындау және бекіту бойынша түзетулерді қарастырады.

• Осы Заң медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру стандарттарын қамтиды.

2024 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі. Ол үшін әрбір медициналық ұйым сақтандыру компаниясымен шарт жасасады. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшері тәуекел дәрежесіне және медицина қызметкерлерінің штаттық деңгейіне байланысты есептелетін болады.

Бұл ретте дауларды сотқа дейін шешу тетігі енгізілген. Науқас «дәрігерлік қателік» салдарынан оның өмірі мен денсаулығына зиян келген жағдайда хабарласқан кезде шағымды тәуелсіз сараптама комиссиясы қарауды ұсынады. Оның қорытындысы пациентке сақтандыру төлемін жасау үшін ерекше негіз болады, оның мөлшері келтірілген зиянның дәрежесіне байланысты болады (қайтыс болған — 3000 АЕК; мүгедектікті белгілеу: бірінші топ — 800 АЕК, екінші топ — 600 АЕК, үшінші топ – 500 АЕК; мүгедек балаға – 500 АЕК; мүгедектік белгіленбестен – 300 АЕК).

Бұл ретте науқастың Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа шағымдану құқығы сақталады.

Осылайша, медициналық қызметкердің әрекетінде немқұрайлылық болмаған жағдайда науқастың денсаулығына келтірілген зиянды материалдық өтеу жүйесі құрылады.

Бұл мүмкіндік науқастарға, тәуелсіз комиссия сақтандыру жағдайын анықтаған жағдайда, қолжетімді болады.