Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Баршаңызды жасампаз ерліктің мерекесі – Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздер сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, жанған от пен жауған оттың ортасына түсіп, кең-байтақ жерді қорғадыңыздар. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды.

Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі. Жеңіс күні — бұл бәріміз үшін ерекше мереке! Майданда және тылда жанқиярлықпен, батырлықпен өткен ардагерлеріміз үшін Ұлы Жеңіс күні — аса ерекше күн!

Ел басына күн туған жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан жерлестеріміздің есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды.

Құрметті ардагерлер!

Сіздердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өшпес ерліктеріңіз және бейбіт еңбектегі қалдырған іздеріңіз әрқашанда бізге өнеге. Уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, бағасы артуда, мәні мейлінше тереңдеп, даралана түсуде. Бүгінгі ұрпақ оны одан әрі жалғастырып, тәуелсіз Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлесін қоса береді.

Ерлікке толы тарихи күнде баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Отбасыларыңыз қамқорлыққа, сүйіспеншілікке және ырыс-берекеге толы болсын! Денсаулықтарыңыз мықты болып, бақыт пен отбасылық амандық тілеймін!

Әрқашан ашық аспан, бейбітшілік болып, шаңырақтарыңыз мереке, қуаныш пен мейрімділікке толы болсын!

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!