«Айша бибі» шипажайына — 5 жыл

«Айша бибі» шипажайы Жамбыл облысының Әулиекөл елді мекенінде Тараз қаласынан 25 км оңтүстік батысында батпақты-минералды кіші Ақкөл көлінің жағасында орналасқан. Бұл көлдің батпағының емдік қасиеті өте зор. Әсіресе, буын ауруларына тиімділігімен бағаланады. Судың құрамында барлығы 34 пайдалы минералдар мен микроэлементтер бар.

1984 жылы жаңа Жамбыл фосфор заводы соғып пайдалануға берген ғимарат кейін психоневрологиялық үй-интернат ретінде жұмыс істеген.

2015 жылы «Денсаулық» бағдарламасының аясында денсаулық сақтау басқармасына қайтарылып, «Айша бибі» санаторийі атауымен қайта құрылған. Облыс бюджетінен күрделі жөндеуден өткізу үшін 520 миллион теңге, ал материалдық-техникалық жабдықталуы үшін 354 миллион теңге бөлініп, қайта құрылған. «Айша бибі» санаторийінің күрделі жөндеу жұмыстары және жабдықтаулары толығымен аяқталған соң, 2017 жылдың 1-қыркүйеегінде салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Сол кездегі облыстың әкімі Кәрім Насбекұлы Көкрекбаев және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Сейітбекұлы Джуманкулов санаторийге ең соңғы үлгідегі заманауи медициналық аппараттар мен жабдықтар алынуына көп үлесін қосты.

2018 жылдың желтоқсан айының 4 жұлдызынан бастап, «Айша бибі» санаторийі «Техстройпроект – 2017» ЖШС сенімгерлік басқаруына беріледі. Атқарушы директоры қызметін Бектаев Қуаныш атқаруда.

120 төсектік шипажайда 2 бөлімше жұмыс істейді: емдеу және физиотерапия.

Әлемді дүрліктерген пандемия кезінде және одан соң мекеме ковидтен кейінгі науқастарды оңалту орталығы ретінде жұмыс істеп, мыңдаған пациенттердің індеттен сауығына үлес қосты.

Бүгінде шипажайда емделушілерге “SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы арқылы арнайы жолдама алып, ем-сауықтырудан өтуге болады.