Береке-бірлігіміз арта берсін! Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы

Бүгінгі Президент Жолдауы осылай аталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынудан бастады. Бағдарлама қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделгенін баса айтты. Партия филиалдарында әкімдер мен олардың орынбасарларының қызметтік лауазым алуына жол бермеу, мәслихат қызметін арттыру мақсатында мәслихат төрағасы лауазымын енгізу және облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту — саясаттағы біраз өзгерістің болатынын байқатты.

Халық пен билікті байланыстырушы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі де Президент назарынан тыс қалмады. Кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек.

«Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл халық үнінен құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын», — деді Президент. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Президенттің партияға мүшелігін тоқтату керектігін алға тартты.

Бұл жаңа Қазақстан құрудағы аса қажетті шешім деп білемін. Себебі, қандай істе болмасын жауапкершілік – басты қозғаушы күш. Енді Үкімет халық сеніміне ие болып, барлық әлеуметтік және экономикалық проблемаларды жоспарлы түрде әрі тиімді шешуге жауапкершілікпен қарайды деп сенемін.

Ендігі мәселе – жоғары билік пен ел бірлігінің тоғысуында жатыр. Қалың қазақ елі Мемлекет басшысының шешімдерін бірлесе қолдап, бірлікті қоғамға айналуы қажет. Біз барлық қиындықты жеңіп, көздеген мақсатымызға жетеміз десек, бірлікті ту етіп, Президентімізді қолдау қажет! Біздің күшіміз – бірлікте! Береке-бірлігіміздің басты кілті — осы. Олай болса, Президент Жолдауын бір адамдай қолдаймыз.

Гүлмайра МОМБЕКОВА, «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы

#ТоқаевЖолдауы #Жолдау2022 #ЖаңаҚазақстан #QazaqstanDa #ПосланиеТокаева #ГлаваГосударства #ПрезидентЖолдауы