Дәрігер — қашан да болмасын, қай уақытта да болмасын, адамзатқа ең қажетті мамандықтардың бірі

Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің өшпес абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өіміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.

Соңғы кезде елімізде педагог мәртебесін көтеру жөнінде кең ауқымды ой-пікірлер айтылып, ақырында заң қабылданды. Дұрыс-ақ, бұл әбден толғағы жеткен мәселе. Сонымен бірге бүгінгі күні дәрігер мәртебесі жөнінде де әңгіме қозғаудың уақыты келген секілді. Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болатыны белгілі. Біздің ойымызша қазіргі кезде ақ халатты жандардың еңбегін ескеру мен қадір-қасиетін өсіру жағы кемшін секілді. Олардың адамдарды ажалдан арашалап алып қалып жүрген ғажайып сәттерін дәріптей алмай жүрген жоқпыз ба? Пандемия кезінде ғана аурумен алдыңғы шепке жекпе-жекке шығып, ел денсаулығын арттыру мен сақтау бағытында ерен еңбек етіп, бірқатары, тіпті, осы жолда жанын пида еткендерді көріп қана ақ халаттылардың қадірін білгендей болдық. Дегенмен, індеттің беті қайта бастағанда қайтадан осынау қадірлі мамандық иелерін ұмыта бастағандаймыз.

Дәрігер — қашан да болмасын, қай уақытта да болмасын, адамзатқа ең қажетті мамандықтардың бірі. Осыны ұмытпаған жөн болар.

SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы
Момбекова Гүлмайра Асанқызы