Дәрігерлердің мәртебесін көтерейік!

Қоғамның ең басты құндылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азаматтардың денсаулығын сақтау болып табылады. Ал медицина саласын таңдап, «дәрігер» деген құдіреті мен мәртебесі мол кәсіптің құпияларын жүзеге асыру, халықтың алғысы мен қуанышына бөленіп, өз еңбегінің нәтижесі мен жемісін көру үшін медицина мамандарынан ең алдымен біліктілік, мамандығын жақсы меңгеру талап етілетіндігі айтпаса да түсінікті.

Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің өшпес абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өіміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.

Соңғы кезде елімізде педагог мәртебесін көтеру жөнінде кең ауқымды ой-пікірлер айтылып, ақырында заң қабылданды. Дұрыс-ақ, бұл әбден толғағы жеткен мәселе. Сонымен бірге бүгінгі күні дәрігер мәртебесі жөнінде де әңгіме қозғаудың уақыты келген секілді. Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болатыны белгілі. Біздің ойымызша қазіргі кезде ақ халатты жандардың еңбегін ескеру мен қадір-қасиетін өсіру жағы кемшін секілді. Олардың адамдарды ажалдан арашалап алып қалып жүрген ғажайып сәттерін дәріптей алмай жүрген жоқпыз ба? Пандемия кезінде ғана аурумен алдыңғы шепке жекпе-жекке шығып, ел денсаулығын арттыру мен сақтау бағытында ерен еңбек етіп, бірқатары, тіпті, осы жолда жанын пида еткендерді көріп қана ақ халаттылардың қадірін білгендей болдық. Дегенмен, індеттің беті қайта бастағанда қайтадан осынау қадірлі мамандық иелерін ұмыта бастағандаймыз.

Қазір мемлекет тарапынан медициналық көмекке берілетін қаржы мөлшері қомақты. Саладағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру ісінде ең тиімді жолдар қолданысқа енгізілген. Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар тарапынан мұндай жаңашылдыққа қолдау аз. Тіпті кейбір топтар оны мүлдем түсінгісі келмейді. Неге біз саяси-қоғамдық өзгерістер мен сән үлгісінің жаңалығын немесе валюта бағамының құбылуын қабылдаймыз да, денсаулық сақтау саласындағы жаңа үрдістерге селқос қараймыз?

Мәселен, дәрігерлердің еңбегін бағалап, олардың мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстарға мән берілсе деймін. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, сараланып әрі кәсіби талқылаудан өтіп, көп талқылануда. Әрине, бірқатар жұмыстар да жасалынып жатыр. Оның бірі — жалақы мөлшерінің көтерілуі т б. Дегенмен, шешілмей жатқан мәселелер әлі де көп. Мысалы, «бүгінгі кезде тұрғындар портал бойынша кезек күту мәдениетін үйренгенін, жоспарлы түрде емделу тәртібін түсінгенін қалаймыз»,- дейді ақ халаттылар.

Стационар негізінен жедел әрі аса шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайда ғана пайдаланылуға тиіс. Бұл үшін жедел жәрдем қызметі тұрақты жолға қойылған. Осы орайда жедел жәрдем көлігінің жолындағы кептелістер, өзге жүргізушілер тарапынан оған жол беру мәдениетінің төмендігі, көптеген мекенжай деректірінің тиянақсыздығы да кездеспей тұрмайды. Мұндай кезде «Жедел жәрдемді» жерден алып, жерге салатындар да бар. Халық денсаулығын арттыру бағытында тер төгіп жүргендер арасында айта берсе, мәселе аз емес.

Қалай десек те, дәрігер мамандығы – жауапты әрі күрделі міндет. Сондықтан медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру – олардың жауапкершілігін одан әрі арттыра түсері анық. Бүгінде дәрігер жұмысының қаншалықты қиын екенін және жолда қанша алдау болатынын бәрі біле бермейді. Кім де болса да бұл мамандықты таңдай бермейді. Өз өмірін адамдардың денсаулығы туралы қамқорлыққа арнау үшін үлкен жүрек және ең бастысы — кәсіп болу керек. Дәрігер-айқындық, жан жылуы, адамдарға шексіз сүйіспеншілік және жанашырлық сияқты қасиеттерді біріктіруі керек. Себебі,ол қателікке кешірілмейтін мамандықтардың бірі, өйткені адамның өмірі — қымбат, оны сақтау — аса ерекше міндет. Ең ұзақ оқу мерзімі тек медицина мамандарында болатындығын білеміз. Тіпті жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де медицина қызметкерлері өзінің кәсіби қызметі барысында уақытпен қатар жүру және медицинаның барлық инновациялық технологиялары мен бағыттарынан хабардар болу үшін білімдерін үнемі арттырып отырады. Мәселен, біздің Жамбыл облысындағы мемлекеттік және шағын жеке медициналық мекемелерде 3377 дәрігер қызмет етеді екен.

Өкінішке орай, бүгінде халық дәрігерлердің жұмысын жиі бағаламайды және ең алдымен, ақ халатты адамдарды өз қиындықтарына кінәлайды. Барлық жазатайым оқиғалардың түп тамыры қарапайым жауапсыздықтан және аурулардың алдын алу мәселелері бойынша хабардарлықтың төмендігі болып отырған асқынған жағдайлар фактілерінен екенін ескермейді. Ауруы асқынып, жанын жеген дерт әсерінен қиналған пациентке уақыт өткізіп жібергенін қанша айтқанымен, тыңдамаған, жүре беріп, енді емдеу қиынға түсіп, қолдан келер дәрмен жоқтығынан не істерін білмей тұрған дәрігерді кінәлай жөнелеміз. Міне, осындай қиындықтардан соң, көбіне, біздің жақсы мамандарымыз жұмысын тастап, басқа кәсіпке кетіп жатады. Сондықтан, дәрігерлер мәртебесін арттыру деген мәселені қайта көтеретін уақыт жеткен секілді. Ме­ди­­цина социологиясының беделді өкілі А.В.Решетников «дәрігердің әлеуметтік мәртебесі еңбек ақысы, мамандықтың мәртебесі, өзін-өзі шыңдау сияқты критерийлерге байланысты» дейді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысының маңызды детерминанты. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы абзал жандардың құқығын қорғау маңызды болып отыр.

“SENIM” Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова